$ 474.63
 544.5
 5.92

«Кітап оқитын ұлт»: ШҚО-да интеллектуалдық марафон басталды

Редактор
17.07.2026, 12:36
Фото: ШҚО әкімдігі
Фото: ШҚО әкімдігі
Өңір зияткерлік серпіліске жол ашады.

Шығыс Қазақстан облысы әлемдегі ең көп кітап оқитын елдердің қатарына қосылудың ауқымды қозғалысына белсене араласты. Өңірде Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы» Жарлығын іске асыру бағытында «Кітап оқитын ұлт» ұлттық интеллектуалдық жобасының жаңа кезеңі ресми түрде бастау алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл бастама азаматтардың кітап оқу белсенділігін бес есеге жуық арттырып, ұлттық интеллект сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Жобаның желісін жазу үшін облыс әкімдігінде жоғары оқу орындарының, колледждердің, білім беру ұйымдарының басшылары мен кітапхана саласы өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде Президент Жарлығының міндеттерін жүзеге асыру бойынша білім беру ұйымдары, кітапханалар және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев жобаның қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан кітап оқудың маңыздылығы туралы пікіріне тоқталып, кітап оқу – зияткер ұлт қалыптастырудың басты негіздерінің бірі екенін жеткізді.

Аян Сакошевтің айтуынша, жобаның стратегиялық мақсаты – алдағы он жыл ішінде Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу. Қазіргі таңда халықаралық зерттеулер бойынша қазақстандықтар жылына орта есеппен 2,7 кітап оқиды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 15 кітапқа жуық.

2026 жылы жоба еліміздің барлық 20 өңірін қамтып, 2 миллионнан астам адамды біріктіруді көздейді. Республика бойынша 10 мыңнан астам интеллектуалдық іс-шара, кітап оқу марафондары, кітап алмасу акциялары, буккроссинг және әдеби кездесулер ұйымдастырылады.

Ұлттық жоба қоғамның барлық өкілдерін қамту үшін бірнеше арнайы бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын спортшы» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші».

Жобаға қатысушыларды SmartNation цифрлық платформасына тіркеу 15 тамыздан басталады. Қатысушылар кітап оқу марафонына қосылып, 15 кітап оқиды, әр шығарма бойынша эссе жазып, онлайн тестілеуден өтеді. Сонымен қатар өңір кітапханаларында әдеби кездесулер, кітап талқылаулары, буккроссинг және басқа да зияткерлік іс-шаралар өткізіледі.

Бұған дейін бұл бастама Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында пилоттық режимде жүзеге асырылып, оқырман марафонына 189 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Осы нәтижелердің жоғары тиімділігін ескере отырып, жобаны бүкіл елімізге тарату шешімі қабылданды.

Шығыс Қазақстан облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және қоғамда білімге деген қызығушылықты қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Бастама ұзақ мерзімді перспективада елдің адами капиталын нығайтуға, жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және білімге негізделген бәсекеге қабілетті қоғам құруға серпін береді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау