Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бүгін, 19 желтоқсанда өткен сот отырысында іс материалдарын зерттеу кезінде марқұмның ауруханадағы видеосы көрсетілді. Кадрлардан Айзат Жұманованың медициналық мекемеге аса ауыр хәлде жеткізілгені байқалады. Әйелді ауруханаға күйеуі мен енесі көршісінің көлігімен әкелген.
Бүгінгі сотта марқұмның күйеуі, айыпталушы Айбар Жанболат жауап берді. Ол сот барысында Айзаттың ата-анасынан кешірім сұрап, әйелін қасақана өлтіру ниеті болмағанын айтты.
«Бұл жағдай өзімнің санасыздығымнан, түсінбестік салдарынан болды. Асыл жарымды жақсы көрдім. Оны әдейі өлтіремін деген ойым болған жоқ. 22-сіне қараған түн мен үшін өте ауыр өтті», – деді ол.
Айыпталушының сөзінше, жанжал мамыр айының соңында басталған. Ауылда байланыс нашар болғандықтан, отбасы ұялы телефонды көбіне терезе маңында пайдаланған. Бір күні марқұмның телефонына белгісіз адамнан хабарлама келгенін байқаған ол әйелінен түсініктеме талап еткен.
«Телефоныңды берші, кіммен сөйлесіп жүрсің дедім. Ол “маған сенбейсіз бе?” деді. Сол кезде екеуіміз де ашуға беріліп, телефондарымызды сындырып тастадық. Біраз уақыт байланыссыз жүрдік», – деді Айбар Жанболат.
Оның айтуынша, кейін әйелінің өзге біреудің телефоны арқылы сөйлескенін көріп, оқиға болған күні ашумен үйдегі тамақты төгіп тастаған. Айыпталушы сотта әйелін бірнеше рет ұрғанын мойындап, ашу үстінде көрші ауылға мотоциклмен барып, сыра ішкенін жеткізді. Кейін татуласу мақсатында үйіне оралған.
«Үйге келгенде балам ұйықтап жатты. Әйеліммен төменгі қабатта отырып сыра іштік. Біраз уақыттан кейін ол көзімнен ғайып болды. Іздеп жүріп, үйдің шет жағында жантайып жатқанын көрдім. “Тұрмайсың ба?” десем, басым ауырып тұр деді», – деді ол.
Айбар Жанболаттың айтуынша, кейін болған жанжал кезінде ол әйелін тағы да ұрып, баспалдақтан бірнеше рет құлатып алған. Әйелінің жағдайы күрт нашарлаған соң оны ауруханаға жеткізуге тырысқан.
«Өңі бозарып, “басым қатты ауырып тұр” деп жантайып жатты. Көршімнің көмегімен ауруханаға апармақ болдық. Жолда көліктің дөңгелегі жарылып, уақыт жоғалттық. Аурухана жабық болды. Кейін Талдықорғанға жеткенімізбен, марқұмды аман алып қала алмадық. Жазадан қашпаймын», – деді ол.
Сот процесіне тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров та шақырылды.
Айта кетейік, ол бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың өліміне қатысты істерде сарапшы ретінде қатысқан.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Айзат пен оның күйеуі арасында жанжал шығып, ер адам әйелін бірнеше сағат бойы аяусыз соққыға жыққан. Олар жәбірленуші екі жасар қызының көз алдында қатты соққыға жығылғанын мәлімдеді.
Сот-медициналық сараптама нәтижесінде Айзат Жұманованың жабық бас-ми жарақатын алғаны, мидың ісінгені, бас сүйек негізі, қол-аяғы мен жамбасының сынғаны, сондай-ақ бетінде сырылған іздер болғаны анықталған. Туыстарының сөзінше, әйел арқанмен байланып, далада сүйрелген.
Ал күйеуі бұған дейін Айзаттың «селфи жасаймын деп терезеден құлап кеткенін» айтқан. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспейді.