$ 473.4
 539.39
 6.07

Кепілсіз тұтынушылық кредиттерге жаңа шектеулер күшіне енеді

Редактор
28.07.2026, 14:13
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Тұтынушылық кредиттеуді реттеудің жаңа талаптары бекітілді.

2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Басқармасы тәуекелге бағдарланған қадағалау мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін мақұлдады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Қабылданған құжаттар «Банктер туралы» жаңа заңның нормаларын іске асыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қаржы өнімдерін олардың бүкіл өмірлік циклі бойынша – әзірлеу, нарыққа шығару, қызмет көрсету, шарттарын өзгерту және тоқтату кезеңдерінде басқарудың кешенді жүйесін алғаш рет енгізеді.

Қарыз алушыларды қорғауға басымдық берілді

Реформалардың алғашқы бағыты халықтың шамадан тыс борыш жүктемесін төмендетуге және қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау сапасын арттыруға бағытталған.

Агенттік мәліметінше, азаматтардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тұтынушылық кредиттердің жоғары құны. Ай сайынғы төлем көлемі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, кредит мерзімінің ұзақтығы мен жоғары пайыздық мөлшерлеме нәтижесінде қарыздың жалпы құны айтарлықтай өсіп, мерзімі өткен берешектің пайда болу тәуекелін арттырады.

Осыған байланысты жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейлері қайта қаралды. Атап айтқанда:

  • банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша шекті ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді;
  • қамтамасыз етілген қарыздар бойынша көрсеткіш 40%-дан 35%-ға дейін қысқартылды;
  • ипотекалық және қысқа мерзімді микрокредиттердің жекелеген түрлері бойынша да шекті мөлшерлемелер төмендетілді.

ЖТСМ құрамына сыйақымен қатар комиссиялар, сақтандыру және басқа да міндетті төлемдер кіретіндіктен, бұл өзгерістер қарыз алушылар үшін кредиттің толық құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Кепілсіз кредиттерге жаңа шектеулер енгізілді

Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру талаптары күшейтілді.

Енді мұндай қарыздардың ең жоғары мөлшері:

  • банктер үшін – 9,5 млн теңге;
  • микроқаржы ұйымдары үшін – 4,8 млн теңге.

Сондай-ақ мерзімі бес жылдан асатын кепілсіз тұтынушылық кредиттерді беруге тыйым салынды.

Бұл шаралар кредит мерзімін негізсіз ұзарту арқылы ай сайынғы төлемді жасанды түрде төмендету тәжірибесінің алдын алуға бағытталған. Мұндай тәсіл ұзақ мерзімде қарыз алушының артық төлемін және жалпы борыш жүктемесін едәуір арттыратыны атап өтілді.