Кенесары ханның қазасы туралы желіде жарияланған видео қазақ пен қырғызды қырқыстырып қойды. Тіпті, бұл мәселеге Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың араласуына тура келген деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Даулы видео 3 күн бұрын Youtube-та жарияланған. Онда Кенесары ханның қазасымен аяқталған 1847 жылғы қырғыз жеріне жасалған жорық туралы баяндалады. 2 сағаттық бейнероликті осы уақытқа дейін 50 мыңнан аса адам көріп, 1300-ге тарта пікір жазыпты.
Қызу пікірталасқа байланысты Садыр Жапаров "қазақ пен қырғызды бірлікке шақырған" үлкен жазба жариялады. Қырғызстан президенті бұл видеода тарихи деректер бұрмаланған деп отыр. Осылайша, әлдекімдер бауырлас екі халықты жауластырмақшы дейді. Сондықтан, қос елдің азаматтарын арандатуға бой алдырмауға шақырды. Әрі Жапаров бейнероликте бұрмаланған деп есептейтін бірнеше тарихи сәттерге тоқталып өткен.
Кенесары ханның басы орыстарға қалай өткеніне келсек: бір деректе кейбір қазақ көсемдері басты орыстарға тапсыруды ұсынғаны айтылады. Тағы бір деректе Кенесарының өліміне сенбей, орыстардың арнайы делегация жібергені жазылған. Себебі, Кенесары Омбыдағы орыстарға да соққы берген болатын. Делегация келіп, «Омбыға алып барып тексерейік, бізге беріңдер» деп сұрап кеткен. Сөйтіп, бас Омбыға, одан кейін Санкт-Петерборға жөнелтілген екен. Енді бұл оқиғалар тарихқа айналды. Мұндай оқиғалардан сабақ алудың маңыздылығы қазіргі заманда арта түсуде. Бірақ екі араға от салғысы келетін арандатушылардың ақылға келмей жатқаны өкiнiштi, - деп жазды Садыр Жапаров.