Бас прокуратура ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қорқытып алу және алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, бұрын сотталғандардан құралған бұл топ 2022-2023 жылдар аралығында Жамбыл облысының кәсіпкерлері мен тұрғындарына күш қолданып, бопсалау, қарызды өндіріп алу және қорғаншылық көрсетумен айналысқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі және мүшелері қазір әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. 2024 жылдың тамызында ол Ресей Федерациясының Амур облысында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.