Кәріз жүйесіндегі коррупция: «Алматы Су» басшысы қамауға алынды

Редактор
26.03.2025, 16:40
Кәріз жүйесіндегі коррупция: «Алматы Су» басшысы қамауға алынды
Алғашқы сатыдағы соттың үкімі өзгертілді

«Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Антикор ақпаратына сәйкес, биыл 9 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялаған.

Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге
жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды, – делінген Антикор ұсынған ақпаратта.

Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.

Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – делінген хабарламада.

Сот залында сотталған адам қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енді.