$ 463.41
 546.27
 6.18

Қызылордада ғылым мен өндірісті ұштастыру мәселелері талқыланды

Редактор
06.05.2026, 20:11
Қызылорда облысы әкімдігі
Қызылорда облысы әкімдігі
 Бүгін Қызылордада Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. 

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеуге көшу, су ресурстарын тиімді пайдалану, цифрлық технологияларды енгізу және өңірлік ғылымның рөлін күшейту мәселелері қаралды.

Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, онлайн форматта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академия президиумының мүшелері, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Жиында «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтіп, су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қайта өңдеу саласын ғылыми тұрғыда қолдау және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді өңдеу мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ғылымды дамыту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Президентіміз ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық деп атады.

2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілді.

Соңғы үш жылда ғылым саласын дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өткен жылдың өзінде 1 млрд 300 млн теңге қарастырылып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есе артты. Қазір 400-ден астам маман ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстармен айналысады. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 7 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.

Бүгінгі жиында айтылатын ұсыныстар мен бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Басқосуда ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың және жоғары оқу орындарының басшылары баяндама жасады.

Нәтижесінде Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған қарар мен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, көшпелі отырыс аясында кеше форсайт-сессия ұйымдастырылып, академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау тәсілдерін үйретті. Ал бүгін өңір кәсіпорындарына енгізуге дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі өтті.