$ 486.19
 554.26
 6.51

Қостанай облысында алимент төлемеген 157 адам жауапқа тартылды

Редактор
24.06.2026, 12:58
Egov.kz
Egov.kz
240 млн теңге өндірілді

Қостанай облысында жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 157 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып, балалардың пайдасына 240 миллион теңгеден астам берешек өндірілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Қостанай облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Прокуратура кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алиментті өндіріп алу бойынша уәкілетті органдардың жұмысына тұрақты бақылау жүргізіп келеді. Ведомствоның бастамасымен облыстың барлық өңірінде алимент бойынша борышкерлерді жұмыспен қамтуға бағытталған «Enbek қолдау» бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.

Жыл басынан бері осы жәрмеңкелер арқылы 100-ден астам борышкер жұмысқа орналастырылған. Бұл балаларға алимент төлемдерінің тұрақты түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Прокуратура мәліметінше, ерекше назар табысын жасыратын немесе ресми жұмысқа орналасудан әдейі жалтаратын борышкерлерге аударылып отыр.

Мәселен, Рудный қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған қызына алимент төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарған. Ол сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қылмыстық жауапкершілік туралы бірнеше мәрте ескертілгеніне қарамастан, 3,5 миллион теңге қарызын өтемеген әрі жұмысқа орналасу бойынша шара қабылдамаған.

Прокуратураның бастамасымен оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Соттың 2026 жылғы 27 сәуірдегі үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сондай-ақ сот пробациялық бақылау белгілеп, оған жаза мерзімі ішінде дәмхана, бар, мейрамхана, түнгі клуб секілді ойын-сауық орындарына және алкоголь өнімдерін сататын мамандандырылған дүкендерге баруға тыйым салды.

Қадағалау органының мәліметінше, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде 200-ден астам баланың құқығы қорғалған. Алимент өндіру туралы сот шешімдерін орындамағаны үшін 132 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар балалардың пайдасына 240 миллион теңгеден астам алименттік берешек өндірілген.

Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және алимент бойынша берешекті өндіру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.