Маңғыстау облысында небәрі екі күн ішінде үш отбасы егіздердің ата-анасы атанды. Облыстық Ана мен бала перинаталдық орталығында 13–14 қараша күндері алты нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Перинаталдық орталықтың мәліметінше, алғашқы егіздер 13 қараша күні сағат 14:00 және 14:09-да туған. Дүниеге келген ұл баланың салмағы 2740 грамм, бойы 51 сантиметр болса, қыз баланың салмағы 2830 грамм, бойы 52 сантиметр болған. Сол күні кешкі сағат 17:16 және 17:33-те тағы бір отбасы қос ұлды болды. Нәрестелердің салмағы 2430 және 2290 грамм, ал бойлары 46 сантиметрден.
14 қарашада перинаталдық орталықта үшінші жұп егіз дүниеге келді. Сағат 11:58-де салмағы 3080 грамм ұл бала, ал 12:15-те салмағы 2960 грамм қыз бала туған. Орталықтың хабарлауынша, сәбилердің есімдері әзірге толық белгілі емес. Тек бір ұл мен қыздың ата-анасы оларға Ануар және Ақнұр деген есім берген.
Осылайша, екі күннің ішінде үш отбасы бірден қос қуанышқа кенеліп, перинаталдық орталықта төрт ұл мен екі қыз өмірге келді.