$ 487.02
 552.23
 6.51

Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің тізіміне Шымкенттің 6 білім ордасы енді

Редактор
26.06.2026, 08:57
Шымкент қаласының әкімдігі
Шымкент қаласының әкімдігі
 Шымкент білімі көш бастап тұр

Шымкент қаласының білім беру саласы кезекті рет жоғары деңгейін дәлелдеп, республикалық рейтингте айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша жариялаған еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингінде Шымкент қаласының алты бірдей білім беру ұйымы көшбасшылар қатарынан көрінді. Бұл көрсеткіш үшінші мегаполистегі білім сапасының жылдан жылға артып, оқушылардың зияткерлік әлеуетінің жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқын көрсетеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижелері негізінде жасалған бұл беделді тізімге еліміз бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 114 білім беру ұйымы енгізілген. Осы орайда, Шымкент мектептерінің үздік жүздікке енуі – қаланың білім саласындағы стратегиялық дамуы мен мемлекеттік қолдаудың нақты жемісі.

Биылғы республикалық олимпиада ерекше ауқымда және жоғары бәсекелестік жағдайында өтті. Білім додасы еліміздің алты бірдей өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен жиналған 1636 дарынды оқушы қатысты. Республиканың түкпір-түкпірінен келген ең үздік оқушылар бас қосқан бұл сайыста Шымкент қаласының намысын қорғаған жеткіншектер өздерінің терең білімін, шығармашылық ізденістерін және жоғары зияткерлік қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Рейтингті қалыптастыру үшін арнайы бекітілген объективті бағалау жүйесі қолданылды. Шымкент қаласының абыройын асырып, республикалық деңгейде үздік деп танылған білім беру ұйымдарының тізімі төмендегідей:
•    «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты;
•    Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты;
•    З.Хусанов атындағы №110 орта мектеп;
•    Айбек атындағы №14 орта мектеп;
•    А.Пушкин атындағы №1 mektep-гимназия;
•    Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия.

Бұл білім ордаларының табысы – мектеп басшылығының дұрыс менеджменті мен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің, сондай-ақ ата-аналар мен оқушылар арасындағы тығыз байланыстың тікелей нәтижесі.

Ерекше атап өтетін жайт, Шымкент қаласы бұл бағытта тұрақты даму динамикасын көрсетіп отыр. Өткен 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша қаладан бес мектеп үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш алты мектепке жетіп, үшінші мегаполистің білім саласындағы жетістігі тағы бір сатыға жоғарылады

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау