$ 488.37
 559.77
 6.64

Қазақстанды әлемге танытқан кадрлар: Дастан Мұхамедрахым табиғат арқылы ел имиджін қалай қалыптастырып жүр

Редактор
20.06.2026, 13:09
Фото: Qazaq Culture
Фото: Qazaq Culture
Қазақстандық контент авторы  туризмді дамыту мүмкіндіктері туралы айтты.

Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымның бейнероликтері миллиондаған шетелдік көрерменге еліміздің табиғи байлығын танытып келеді. WIBA Awards халықаралық сыйлығының иегері Qazaq Culture порталына берген сұхбатында Қазақстанның әлемді несімен таңғалдыратынын, қай өңірлерді ерекше жақсы көретінін және қысқа видеолардың артында қаншама еңбек жатқанын әңгімеледі, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Дастан Мұхамедрахымның айтуынша, шетелдік аудиторияны ең алдымен Қазақстан табиғатының алуан түрлілігі қызықтырады. Бір елдің өзінен әлемнің әр түкпіріне тән ландшафттарды көруге болады.

«Қазақстанның өзін ғана көрсете отырып, бүкіл әлемнің табиғатын таныстырып жатқандай әсер қалдырасың. Шетелдік аудиторияны таңғалдыратын да – осы ерекшелік», – дейді блогер.

Оның айтуынша, басты мақсат – табиғатты жай ғана түсіру емес, оны көрерменге жаңа қырынан көрсету.

«Әр бейнероликке шығармашылық тұрғыдан қарап, таныс көріністерді өзгеше ракурстан, тың идея мен ерекше визуалдық шешімдер арқылы ұсынғым келеді. Осындай тәсіл шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығын арттырады», – деді Дастан Мұхамедрахым.

Жақында ол блогерлер әлеміндегі «Оскар» саналатын WIBA Awards халықаралық сыйлығында «Әлемнің үздік тревел-блогері» атанды. Бұл жетістікті ол өз кәсібіндегі ең үлкен белестердің бірі деп бағалайды.

«Мен актер немесе әнші емеспін. Ал тревел-блогинг бағытында WIBA Awards – мен үшін ең биік белестердің бірі», – дейді ол.

Блогер ерекше жақсы көретін өңірлердің қатарында Маңғыстау, Катонқарағай және Алматы өңірін атайды. Сондай-ақ көпшілікке әлі кеңінен таныс емес орындардың арасында Жетісу Алатауындағы Үшкөл мен Маңғыстаудағы Қарынжарық ойпатын ерекше атап өтті.

«Қарынжарықтың табиғаты Боливиядан артық болмаса, кем емес. Сол көріністердің арасында тұрған кезде мүлде басқа әлемге тап болғандай әсер аласың. Осындай жерлерді халықаралық аудиторияға кеңінен таныстыру қажет», – деді саяхатшы.

Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі бір минуттық роликтің артында үлкен дайындық пен командалық жұмыс жатыр.

«Кейде таудың биіктігін немесе мекеннің ауқымын көрсету үшін биік әрі қауіпті жерлерге шығуға тура келеді. Осы уақытқа дейін 20-дан астам дронды құлатып немесе жоғалтып алдық. Сондықтан қысқа ғана бейнероликтің артында көп дайындық, тәуекел және үлкен еңбек жатыр», – деді ол.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған Дастан педагогикалық тәжірибенің контент жасауда көп көмегі тиетінін айтады.

«Педагогикалық тәжірибем аудиториямен дұрыс байланыс орнатуға, мәтін жазғанда грамматикаға мән беруге және ойымды оқырманға анық жеткізуге көмектеседі», – деді блогер.

Оның пікірінше, қазақстандық туризмді дамытудағы ең тиімді құралдардың бірі – әлеуметтік желілер.

«Әдемі табиғатты өзгеше ракурстан көрсетіп, оны әлеуметтік желіде кең тарайтын контентке айналдырса жеткілікті. Бұл – үлкен жарнама», – дейді ол.

Сонымен қатар, туристерді тарту үшін сапалы инфрақұрылым мен қонақжайлық мәдениетін дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Ендігі маңызды мәселе – келген қонақтарға жайлы жағдай жасау. Сонда туристер елімізден жақсы әсер алып, қайта оралғысы келеді», – деді Дастан Мұхамедрахым.

Алдағы жоспарлары туралы айтқан блогер Ақтөбе облысындағы Ақтолағай, Риддер өңірі, Торғай даласы мен Ұлытауға баруды көздеп отырғанын жеткізді.

«Қазақстанды бір минуттық бейнероликке сыйғызу өте қиын. Бірақ еліміздің табиғи алуан түрлілігі мен бай тарихын қатар көрсететін кадрлар арқылы оның ерекше рухын жеткізуге болады», – деп түйіндеді ол.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау