Қазақ спорт және туризм академиясында Sport Consulting Forum қоғамдық бірлестігінің ресми таныстырылымы өтті. Жаңа ұйым отандық спорт саласына ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсетуді мақсат етеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бастамашылардың айтуынша, ұйым мемлекеттік органдардың, Ұлттық Олимпиада комитетінің немесе спорт федерацияларының қызметін қайталамайды. Керісінше, оларды толықтыратын сараптамалық алаң ретінде жұмыс істеп, спортшыларды даярлау жүйесіне заманауи ғылыми тәсілдерді енгізуге басымдық береді.
Жобаның негізгі бағыты – спортқа бейімі бар дарынды балаларды ерте кезеңнен анықтау, олардың қабілеттерін жүйелі түрде бақылау және ғылыми әдістер арқылы кәсіби спортқа бағыттау. Бұл тәсіл болашақ чемпиондарды даярлаудың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, спорт ұйымдарының мамандары және ел спортының даңқты өкілдері қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Танымал спортшылар жастармен тәжірибе бөлісіп, спорттағы табысқа жетудің жолдары туралы ойларын ортаға салды.
Академия ректоры, профессор Қайрат Закирьянов қазіргі спортта ғылым мен технологияның рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, жүйелі мониторинг пен деректер базасын қалыптастыру – жоғары нәтижеге жетудің негізгі факторларының бірі.
Ал Олимпиада ойындарының жүлдегері Ислам Байрамуков спортты насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз тәжірибесі арқылы жастардың мотивациясын арттыруда көрнекі үлгілер мен дұрыс бағыттың маңызы зор екенін жеткізді.
Жиын барысында спортшыларды даярлаудың жаңа моделін енгізу мәселесі де көтерілді. Ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат – 2044 жылға қарай Қазақстанда әлемдік деңгейдегі білім беру және спорттық ғылыми орталық қалыптастыру. Бұл бастама Қазақ спорт және туризм академиясының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келеді.
Шара соңында даңқты спортшылар академия студенттерімен еркін форматта кездесіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар ел спортының сапалы дамуына жаңа серпін береді.