Қазақстанда электр самокаттарының тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салатын жаңа талап күшіне енді. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілген өзгерістер туралы бұған дейін Ішкі істер министрлігі жазды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұған дейін велосипед жолы болмаған жағдайда электр самокаттарына жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілетін. Тротуардағы жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс еді.
Енді велосипед жолы немесе арнайы веложолақ бар болса, электр самокаттары тек солармен жүруге міндетті. Ал мұндай жолақтар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі.
Жолдың көлік жүретін бөлігіне электр самокатымен тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін киген азаматтар ғана шыға алады. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.
Сондай-ақ электр самокатымен жолаушы және жүк тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, оны жаяу жетектеп өту қажет.
Жалға берілетін электр самокаттарында тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру болуы тиіс. Ал кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, қозғалыс жылдамдығын және орналасқан жерін бақылауға міндетті.