Қазақстанда балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Көлік министрлігі автобуспен қатынайтын ата-аналарға қатысты жаңа талаптардың мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы ережелер ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруіне ешқандай шектеу қоймайды. Дегенмен жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерде автобус іші лық толған жағдайда балалар арбасын алып жүру тәртібі нақтыланған.
Балалар арбасын қандай жағдайда жинау керек?
Жаңа талапқа сәйкес, автобус салонында жолаушы көп болған жағдайда және ата-анаға арналған бос орын қарастырылса, балалар арбасын жинап қою ұсынылады.
Министрліктің түсіндіруінше, арба жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі керек. Бұл талап балалар мен ата-аналардың, сондай-ақ өзге жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Арбаны жинамаса, айыппұл салына ма?
Көлік министрлігі балалар арбасын жинау міндетті талап емес екенін атап өтті. Егер ата-анаға арбаны жинау қолайсыз болса, қоғамдық көлікте оны жайылған күйінде алып жүруіне болады.
Ең бастысы, балалар арбасын жинамағаны үшін ата-аналарға айыппұл салынбайды. Сондай-ақ оларды автобустан түсіруге немесе басқа да санкциялар қолдануға жол берілмейді.
Осылайша, балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынған жоқ. Жаңа талап тек автобус ішіндегі қауіпсіздік пен жолаушылардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.