Жетісу облысында өзеннен арқан арқылы өтпек болған ер адам суға ағып кетті

Редактор
12.05.2025, 16:44
Жетісу облысында өзеннен арқан арқылы өтпек болған ер адам суға ағып кетті
Бұл оқиға 10 мамыр күні Жетісу облысының Кербұлақ ауданында болған. Көксу өзенінен арқан арқылы өтпек болған ер адам өзеннің ортасына келгенде суға ағып кеткен

Бұл оқиға 10 мамыр күні Жетісу облысының Кербұлақ ауданында болған. Көксу өзенінен арқан арқылы өтпек болған ер адам өзеннің ортасына келгенде суға ағып кеткен деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Ер адам қызық қуып, ағынды Көксу өзенінің бір жағынан екінші бетіне арқан арқылы өтпек болған. Болған жағдайды оның досы видеоға түсіріп тұрған. Алайда, өзеннің орта тұсына келгенде күші сарқылған ол аяғын арқаннан түсіріп, ілініп тұрғанда оны ағыс алып кеткен. Ер адамның денесі әлі күнге дейін табылар емес.

Алдын ала мәлімет бойынша, Отарда әскери қызметте болған ер адам өзенге ағып кетті. Алайда бұл ақпарат әлі расталған жоқ. Әзірге ресми түсініктеме де берілген жоқ. Ақпаратты растайтын немесе теріске шығаратын жандар болса, хабар беруіңізді сұраймыз, - делінген әлеуметтік желіде тараған видеоның жазбасында.

Бұл жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғаған.

Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер, құтқарушылар, басқа да ведомстволардың өкілдері мен қарапайым азаматтар жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Жетісу облыстық полиция департаменті. 

Жетісу облысының ТЖД мәліметінше, жоғалған азамат 1989 жылы туған. 11 мамыр күні таңғы 06:30-дан бастап ТЖД, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысқан ауқымды іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Барлығы 98 адам мен 22 техника бірлігі, соның ішінде жүзу құралдары, дрондар және спутниктік байланыс құралдары жұмылдырылды.

Іздеу жұмыстары Көксу өзенінің бойымен ұзындығы 35 шақырымға дейінгі аумақта 8 топпен жүргізілді (оң жағалау бойымен 4 топ, сол жағалау бойымен 4 топ), – делінген ТЖД хабарламасында.