ҚазАгроҚаржыда ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизингке өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
АШМ ақпаратына сәйкес, жалпы бөлінген қаражат көлемі – 10,5 млрд теңге, жылдық мөлшерлемесі – 6%.
Қаржыландыру келесідей бөлінеді: «Өз жем-шөбі» – 3 млрд теңге; «Қазақстанда жасалған» – 5 млрд теңге; «6%-бен жеңілдетілген лизинг» – 2,5 млрд теңге.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграршылар 6% жылдық мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге, отандық өндірістегі және құрастырылған аспалы, тіркемелі, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ көлік құралдарын сатып ала алады. Бастапқы жарна – лизинг нысаны құнының кемінде 15%-ы.
«Өз жем-шөбі» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістегі мал азығын дайындау техникасы мен мобильді суару жүйелерін қаржыландыруға бағытталған. Мұнда да мөлшерлеме – 6% жылдық, мерзімі – 10 жылға дейін, бастапқы жарна – кемінде 15%.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық өндірістегі/құрастырылған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 10 жылға дейінгі мерзімге, жылдық 6% мөлшерлемемен, бастапқы жарнасыз сатып алуға мүмкіндік береді.
Өтінімдер сағат 15:00-ден бастап Telegram-бот арқылы қабылданады: https://t.me/kaz_agro_finance_bot. Өтінім бергеннен кейін клиент 5 жұмыс күні ішінде «КазАгроФинанс» АҚ филиалына қажетті құжаттардың толық пакетін тапсыруға тиіс.