Жастар орталығына әкімдіктің әңгіртаяқ ойнатуын тоқтату керек – Нартай Сәрсенғалиев

Редактор
31.03.2025, 17:06
Жастар орталығына әкімдіктің әңгіртаяқ ойнатуын тоқтату керек – Нартай Сәрсенғалиев
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстандағы қылмыстың әрбір үшіншісін жұмыссыз жастар жасайды

Қазақстанда 1 миллионға жуық жас жұмыссыз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Депутат Республикалық Жастарды қолдау кеңесінде «Жастар арасындағы жұмыссыздық» мәселесі қозғалып, бірқатар ұсыныс орталық мемлекеттік органдарға жолданғанын жеткізді.

Оның айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша төленетін жалақысы тым аз, күн көруге жетпейді. Сондықтан оның мөлшерін қайта қарастырып, өсіру керек.

Бұған қоса депутат жастарға қатысты бірқатар мәселенің бетін ашты.

Жастардың кәсіп бастауына берілетін кредиттер бюжет тапшылығынан тоқтап қалған. Қайта жалғастыру керек. «Жастар практикасы» бойынша 1 жыл жұмыс істеген жастар кейін бұл бағдарламаға қатыса алмайды. «Зейнетақы қорында ақша бар» деп. Осы шешімді қайта қарау керек! Кафе, ресторанда қосымша жұмыс істеген жастар мен «Жасыл елде» қызмет еткен жастар «Жастар практикасына» қатыса алмайды. «Зейнетақы жарнасы төленген» деп.  Мұны қайта қарау керек! Жастар ресурстық орталығына әкімдіктің әңгіртаяқ ойнатуын тоқтату керек! – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сондай ақ ол ІІМ ақпаратына сүйеніп, Қазақстандағы қылмыстың әрбір үшіншісін жұмыссыз жастар жасайтынын атап өтті. Осыған байланысты жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін түйткілді шешпесе, үлкен проблема туындайтынына назар аударды.