Жанармай сатудан түскен табыстың 80 пайызы бюджетке түседі

Редактор
5 февр. 2025 г., 17:00
Жанармай сатудан түскен табыстың 80 пайызы бюджетке түседі

Жанармай сатудан түскен қосымша табыстың 80 пайызы бюджетке бағытталмақ. Ұлттық экономика министрлігі Үкімет қаулысына осындай өзгерістер жобасын әзірлеп ұсынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қаулы жобасы ашық НҚА порталында жарияланды. Қаулы жобасы 18 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Құжатта жанар-жағармай бағасына мемлекеттік реттеуді алып тастаған жағдайда жанармай өндірушілер мен сатушылардың қосымша маржиналдылығының 80 пайызын бюджетке бағыттау мақсатында бензинге (авиациялықты қоспағанда) және дизель отынына қосымша акциздің мөлшерлемесін белгілеу мәселесі көтерілген.

Осылайша, шара жанармай сатудан түскен қосымша табыстың 80 пайызын бюджетке қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қосымша акциздер ағымдағы деңгейден бағалар өскен кезде ғана пайда болады.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің «Бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасына және экологиялық отынға арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі №173 қаулысына өзгеріс енгізетін қаулы жобасы ашық НҚА порталында жарияланды. Қаулы жобасы 18 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады.