20 сәуірде Қызылорда – Астана бағытындағы пойызда адам шошырлық оқиға тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушы әйел пойызда өз бетімен босанып, артынша жаңа туған нәрестені пойыздың терезесінен лақтырып жіберген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға Қарағанды станциясынан өткеннен кейін болған. Пойыздың жолсерігі дәретханадағы қан іздерін байқап, тазалық жұмыстарын бастаған. Бұл жағдай жолаушылардың алаңдаушылығын тудырып, бір әйел оқиғаның мән-жайын білуге тырысқан, нәтижесінде босанған әйел пойыздың купелерінің бірінен табылған.
Кейін сәбидің шетінеп кеткені анықталды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, нәрестенің денесі пойыздан тыс аумақта табылған.
Көліктегі полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Әйелдің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады, – делінген хабарламада.