Жәмішев кетті: «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын енді кім басқарады?

Редактор
31 янв. 2025 г., 19:51
Жәмішев кетті: «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын енді кім басқарады?

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.

«Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілікті іс болды. Қор қызметінде біздің бастамаларымызды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Біз бірігіп айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және Қордың жаңа басшылықпен өз дамуын жалғастыра беретініне сенімім мол. Барлық серіктестерге, донорларға және қызметкерлерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын, деп, Болат Жәмішев өз шешіміне түсінік берді.  

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы лауазымына қоғам қайраткері, қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Лаззат Шыңғысбаева сайланды. Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ, Қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма мүшесі етіп сайлады.