Жамбыл облысында полицей қаза тапты

Редактор
12 февр. 2025 г., 18:36
Жамбыл облысында полицей қаза тапты

Жамбыл облысында полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Полиция басқармасының мәліметнше, кеше сағат 19:40-та «Алматы-Ташкент» автожолының 203-шақырымында «Volkswagen Passat» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарама-қарсы жолаққа шығып, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік автокөлікпен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан қызметтік көлікте болған 2 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарымен Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпанда аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды, – делінген хабарламада.

Полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпір ішкі істер органдарында 2017 жылдың 14 желтоқсанынан бері қызмет атқарған, ал қазіргі қызметіне 2025 жылдың 6 ақпанында тағайындалған. Қызмет еткен жылдары ішінде 9 мәрте марапатталған.

Жамбыл облысы Полиция департаменті марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.