Жалған ақша: ҚМА қазақстандықтарға ескерту жасады

Редактор
10 янв. 2025 г., 16:00
Жалған ақша: ҚМА қазақстандықтарға ескерту жасады

Қаржылық монитринг агенттігінң мәліметінше, кейінгі уақытта азаматтардың шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын жағдайлар көбейген.

2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірді. Жалпы алынған жалған ақшалардың көлемі 80 миллион теңгеден асты. Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған, – делінген ҚМА хабарламасында.

Бұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды мұқият тексеруге кеңес беріледі.

Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз. Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс. Егер жалған немесе күмәнді банкноталарды тапсаңыз оны сатуға тырыспаңыз. Дереу ҚМА немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына хабарласып, қажетті тексерулерді жүргізгеніңіз жөн, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.