Қазақстанда өндірілетін ірі қара мал етінің көлемі халықтың қажеттіліктерін толық қанағаттандырады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша сою салмағында 430,0 мың тонна ІҚМ еті өндірілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық. Осы кезеңде өңделген өнімдер 270 мың тонна ет болды.
Сиыр еті өндірісінің өсуімен қатар ІҚМ жалпы саны да өсіп келеді. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ІҚМ саны 7,8 млн басқа жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға артық.
Етті мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында субсидиялау түрінде елеулі мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Оның жыл сайынғы көлемі – шамамен 40,0 млрд теңге. Етті мал шаруашылығы бойынша жобаларға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру көзделген, – делінген министрлік хабарламасында.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс ет өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған, оған күрделі шығындарды барынша азайта отырып, технологияларды енгізу есебінен қол жеткізіледі.