Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға ипотека рәсімдеуге қатысты кеңес берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов қазір нарықтық ипотека алу үлкен қаржылық тәуекел екенін ескертіп, тұрғындарға сақтық танытуды ұсынды. Бұл туралы ол елдегі базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты пікір білдіре отырып мәлімдеді.
Біз қазір айтарлықтай қатаң ақша-несие мөлшерлемесін мәжбүрлі түрде ұстап отырмыз. Базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз болып тұрғанда, ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыз және одан да жоғары болатыны түсінікті. Мұндай мөлшерлемемен нарықтық ипотека рәсімдеу – үлкен тәуекел, – деді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, базалық мөлшерлеме төмендегенге дейін қазақстандықтар мемлекеттік даму институттары ұсынатын ипотекалық бағдарламаларды таңдағаны жөн. Әсіресе, «Отбасы банк» пен «Наурыз» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың шарттары әлдеқайда тиімді.
Нарықтағы ипотеканың мөлшерлемесі 20 пайыздан басталады, әрі несие 15-20 жылға беріледі. Бұл артық төлемнің өте көп болатынын көрсетеді. Мұндай несие жеке қаржылық жағдайыңызды тұрақсыздандыруы мүмкін. Тіпті кейбір банктер нарықта белсенді түрде ипотека беруді қолға алса, бұл олардың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етуі ықтимал, – деп түсіндірді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы қазіргі жағдайда шынайы ахуалды түсініп, жауапкершілікпен шешім қабылдау қажеттігін баса айтты.
Біздің бәсекелестікті қолдайтынымыз сөзсіз. Бірақ ахуалға шынайы қарап, адал сөйлеуіміз керек. Қазіргі базалық мөлшерлеме кезінде нарықтық ипотека көтере алмайтын шоқпарды белге байлау секілді. Сондықтан мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды пайдалану әлдеқайда тиімді, – деді ол.
Айта кетейік, қазір базалық мөлшерлеме – 16,5 пайыз деңгейінде. Бұл көрсеткіш әзірге өзгеріссіз сақталып отыр. Сарапшылардың пікірінше, базалық мөлшерлеме төмендеген кезде ғана нарықтағы ипотекалық ұсыныстар қолжетімді бола бастайды.