Интернет неге қымбат? «Қазақтелеком» қызметіне тексеру басталды

Редактор
19.03.2025, 17:00
Интернет неге қымбат? «Қазақтелеком» қызметіне тексеру басталды
Компания монополиялық жоғары баға белгіледі деген күдікке ілінді

«Қазақтелеком» монополиялық жоғары баға белгіледі деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.  

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, сымды интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдау қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) жиынтық үстем жағдайға ие екені анықталған.

Талдау барысында Агенттік қызмет көрсету кезінде бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруіне, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды қиындататын кедергілерді анықтады. Сондай-ақ анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді, – делінген БҚДА хабарламасында.

Сонымен бірге талдау аясында байланыс операторларының интернет қызметтеріне қойған бағасының динамикасы да зерттелді.

Талдау нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның іс-әрекеттерінде тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты Агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімін бастады, – делінген хабарламада.