Интернет жоқ, дерек қате, құрылыс тоқтап тұр: Сенат бюджеттің олқылықтарын әшкереледі

Редактор
19.06.2025, 15:48
Интернет жоқ, дерек қате, құрылыс тоқтап тұр: Сенат бюджеттің олқылықтарын әшкереледі
Анықталған барлық кемшілік бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.

Сенат отырысында Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның берген қорытысындағы негізгі тұжырымдар қаралды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланған кемшіліктер мен құқық бұзушылықтардан бөлек бірқатар салаға қатысты нақты мысалдар да талқыланды.

Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында кәріз-тазарту құрылыстарының тозуы туралы деректерде қателіктер анықталды. Бірқатар өңірде жергілікті атқарушы органдар тазарту құрылыстары жоқтығына қарамастан кәріз желілерін салуды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесінде мал санын сәйкестендіру және есепке алу дұрыс жүргізілмейді. Алайда дәл осы жүйе – мемлекеттен қолдау алу үшін малдың бар-жоғын растаудың негізгі көздерінің бірі.

Жоғары аудиторлық палата өткен жылы атап өткен ұлттық жобалардың мақсаттарына қол жеткізбеу тәуекелдері әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының көрсеткіштеріне толық қол жеткізбеу салдарынан жоспарланған 860-қа жуық ауылдың 750 мыңнан астам тұрғыны интернетпен қамтамасыз етілмеген.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын іске асыру қарқынының төмен болуына байланысты жоспарланған денсаулық сақтау объектілерінің небәрі 65%-ының құрылысы аяқталған.

Анықталған барлық кемшілік бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Олардың орындалуын Жоғары аудиторлық палата қатаң бақылайды.