ІІМ: 4 айда шамамен 3,5 тонна есірткі заттары тәркіленді

Редактор
12.05.2025, 18:14
ІІМ: 4 айда шамамен 3,5 тонна есірткі заттары тәркіленді
Сәуірде бірқатар сәтті операция жүргізілді

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 4  айда шамамен 3,5 тонна есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, төрт айда үш мыңға жуық есірткіге қатысты үш мыңға жуық құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 828 сату фактісі бар. 

Заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді: 259 келі синтетика, екі тоннаға жуық марихуана, 303 келі гашиш. 83 есірткі зертханасы жойылды. Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталды. 1783 адам ұсталды, оның 669-ы қамауға алынды, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Спикердің сөзінше, сәуірде бірқатар сәтті операция жүргізілді. Қосшы қаласында Ақмола облысының тумасы ұсталды. Оның автокөлігінен 6,5 келі a-рvр синтетикалық есірткісі тәркіленді. Одан кейін жүргізілген іс-шаралар барысында басқа да күдіктілер - Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұсталды. Олардан тағы бір келі синтетика тәркіленді. Астана қаласында Ақтөбе тұрғыны ұсталды. Одан 2,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. 

Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді Данияр Мейірхан.