Жоғары аудиторлық палатасында цифрлық даму саясаты тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Аудиторлық іс-шара Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін, Цифрлық үкіметті қолдау орталығын, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-н, Инновациялық технологиялар паркін, Astana Hub технопаркі сияқты осы саладағы негізгі ұйымдарды қамтыды.
Аудит материалдарында көрсетілгендей, 2016-2017 жылдары «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ шеңберінде 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 3 орталықтың қызметі тиімсіз және нәтижесіз болып шықты, 2 компания перспективалық даму жоспарларынсыз жұмыс істейді. Осылайша, 3 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.
«Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ арқылы бюджет есебінен 987 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырылған 95 стартапқа салынған инвестициялардың нәтижелілігі мен табыстылығы расталмай отыр. Бұл ретте 2018-2020 жылдары қаржыландырылған 32 ұйым таратылған, оның 18-і мәжбүрлеу тәртібімен таратылған. Тағы 21 компания нөлдік салық есептілігімен жұмыс істейді, бұл қызметтің жоқтығын көрсетеді, – делінген хабарламада.
Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ-ға 2015 жылдан 2024 жылға дейін бюджет қаражатынан бөлек жер қойнауын пайдаланушылардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша міндеттемелер ретінде 41 млрд теңге түскен. Бұл ретте «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ сараптамалық комиссиясы ҒЗТКЖ-ны қамтамасыз етуге жауап бермейді, бұл осы бағытта қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен біртектілігіне күмән келтіреді. Нәтижесінде 14,8 млрд теңгеге 179 жоба негізінен бизнестің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталған, ал ғылымды дамытуға және жаңа технологияларды жасап шығаруға ықпал етпеген.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау 2,2 млрд теңге, ал оларды тиімсіз пайдалану 46,5 млрд теңге болды. Сондай-ақ 45 жүйелік кемшіліктер мен 143 процедуралық бұзушылықтар анықталды, – делінген хабарламада.
Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның қорытындылары негізінде Цифрлық ведомство өзінің бөлімшелері, құрылымдық және ведомстволық бағынысты ұйымдары өз жұмысын жетілдіру бойынша нақты шаралар мен қадамдар қабылдауы үшін іс-шаралар жоспарын жасауы қажет екенін атап өтті.