Халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушыларға сыйақы беріледі

Редактор
26 февр. 2025 г., 20:00
Халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушыларға сыйақы беріледі
Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады

Халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған мектеп оқушылары ақшалай сыйлыққа ие болады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және білім беру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасына депутаттар бастамашы болды.

Заң жобасы аясында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға біржолғы төлем қарастырылады. Бұрын мұндай төлемдерді тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары ғана алатын.

Бұл норма дарынды балалар мен олардың мұғалімдерін қолдауға бағытталған. Оның қажеттілігі жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қазанда мәслихат депутаттарының форумында айтқан болатын. Осы санаттағы оқушыларға төленетін ең жоғары төлем 1500 АЕК немесе 6 миллион теңге шамасында болуы мүмкін.

Сонымен қатар түзетулерде мектеп жасындағы балаларға мәдени іс-шараларға қатысу үшін берілетін «Ақылман картасы» жобасын енгізу қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға абонемент жергілікті өкілді органдардың шешімімен беріледі.