Желіде дінтанушы Данияр Кенжеұлының гинеколог болып жұмыс істейтін ер адамдарға қатысты мәлімдемесі қызу талқыға түсті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Ол желіде жариялаған видеосында ер адамның гинеколог мамандығын таңдауы дұрыс емес екенін айтқан. Бұл шариғатта құпталмайды дейді имам. Әрі әйелдерді ер гинекологтарға жіберуге болмайды дейді Данияр Кенжеұлы. Оның сөзінше, ер адам бөтен әйелдің әурет жеріне қараса, әйелдің өзі де, қызы да оған харам болып саналған.
Сен қалай әйеліңді бөтен еркектің алдына апарып, бұтын талтайтып, жатқызып қоясың?! Ол – өте үлкен арсыздық. Сол үшін ерлер басқа мамандықты алу керек. Құдайға шүкір, әйел гинекологтар толып жатыр. Егер, бір елде немесе жерде мүлде әйел гинеколог болмаса немесе сол нәрсеге мүлде қабілеті жоқ болса, амалдың жоғынан зәрулік тұрғысынан ғана ер адам сол оқуды оқи алады. Бірақ қазір қоғамда әйел гинеколог өте көп. Кімде-кім біреуді шахуатпен барып ұстаса немесе әурет жеріне қарайтын болса, харамдық бекітіліп кетеді. Яғни, өмір бойы саған қызы да, анасы да харам болады. Мысалы, сен гинеколог болып жұмыс істеп жатырсың. Алдыңа бір үлкен әйел келді. Сен оның әуретіне шахуатпен қарап не болмаса ұстасаң, оның қызы саған харам болып кетеді. Сен білмейсің ғой. Бәлкім, болашақта сен соның қызын алатын шығарсың. Ер адамның гинеколог, акушер болып жұмыс істеуіне болмайды, харам, - деді дінтанушы.
Бұл видео желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті.
"Ауғанстанда әйел адамды білім алу құқығынан айырып тастады. Сендерге салса солай жасайын деп тұрсыңдар", "еркектер асханадағы әйел аспаздың пісірген тамағын ішпесін онда, бұл деген арсыздық", "әдейі гинеколог мамандығын таңдайтын ерлер бар", "кейде кадр жетіспеушілігінен де ер азаматтар сол мамандыққа түсіп жатады", - деп жазды желі қолданушылары.