Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік педагогтердің жалақысын көтеру мәселесі туралы жолдаған депутаттық сауалына берілген Оқу-ағарту министрлігінің жауабына ашынды. Бұл туралы ол бүгінгі әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл мәселені 2023-те бір көтердім, 2025-те бір көтердім. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, депутаттық сауалға келген жауапты көрсең, ашынғаннан жылағың келе ме, еңкілдеп еңірегің келе ме.. Ұят! – деп күйінді депутат.
Оның айтуынша, елде психологтардың жетіспеушілігі олардың жалақысының төмендігінен туындап отыр.
Әлеуметтік педагогтың алатын жалақысы – 118 мың теңге, бұл ақшаға ешкім жұмыс істеуге бармайды. Ал олардың қызметіне не кіреді: мектептен кейінгі уақытта үйлерді аралап, оқушыларды түгендеу, балаларды лагерьге апару, апарғандардың тәртібін қадағалау, динамикалық есептегі балалармен жұмыс істеу, ерекше білім алатын балалармен жұмыс істеу, – деп түсіндірді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, елімізде білім бер саласында жұмыс істейтін мамандардың саны – 113 мың адам. Олардың жалақысын 118 мың теңгеден 150 мың теңгеге көтеру үшін мемлекетте 55 млрд теңге қажет.
Бұл балаларымыздың болашағы үшін, балаларымыздың санасын, жүйкесін жөндеу жұмысына келген кезде көк тиын десек те болады. Осы мәселенің бәрін депутаттық сауалда көтердік. Енді осыған келген жауаптың сиқы мынау – 2 бет. Оның ішінде әлеуметтік педагогтің айлығын көтеру туралы бір сөз жоқ, – деді депутат.
Депутат педагог-психологтардың жалақысын көтермейінше, мәселе шешілмейтінін айтты.
Сөз соңында депутат Үкімет пайызбен емес, санмен жазуды үйрену керек екенін жеткізді.