Еліміздің 10 облысында ана мен бала өлімі көбейген – депутат

Редактор
26.03.2025, 19:36
Еліміздің 10 облысында ана мен бала өлімі көбейген – депутат
Соңғы 6 жылда 563 ана өмірден өткен

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке ана мен баланың өміріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Депутат елімізде ана мен баланың өлімі жиілегеніне алаңдаушылық білдірді.

«Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар өте көп. 2019 жылдан бері Қазақстанда 19 128 сәби шетінеген. 2024 жылы ғана 2 598 нәресте жарық дүниені көрмей, ата-анасы мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды, – деді депутат.

Депутат ұсынған ақпаратқа сәйкес, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында сәби өлімі көбейген. Ана өлімі де алаңдатарлық деңгейде. Соңғы 6 жылда 563 ана өмірден өткен. Оның ішінде Жетісу, Қостанай, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында бұл көрсеткіш өте жоғары.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылда тұрған. Бір қорқынышты тенденция – төрт немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім қалды»,– деді депутат.

Бұл ретте Нартай Сәрсенғалиев ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керектігін атап өтті.  Бұған қоса, өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет. Сондай-ақ, мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедралар қалпына келтірілуге тиіс.
 
Сонымен қатар, облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек,– деді депутат.