Елімізде тағы үш әуежай салынады

Редактор
22 янв. 2025 г., 17:25
Елімізде тағы үш әуежай салынады

Елімізде жаңадан үш әуежай салынады. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. 

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда ішкі туризм мен жолаушылар әуе тасымалын дамыту үшін Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру аталған өңірлердің экономикасының дамуына серпін береді, сондай-ақ отандық және шетелдік туристердің келуіне ықпал етеді. Сондай-ақ жобалар жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Бұған дейін Зайсандағы әуежай бұрынғы Сәтбаев атындағы әскери аэродром аумағында салынатыны хабарланған болатын. Құрылыс алаңынан Зайсанға дейінгі қашықтық - 25 шақырым. Қатонқарағай ауданында Солдатово ауылына жақын Қатонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарының арасында жаңа әуе айлағы салынады. Құрылыс алаңынан Қатонқарағай ауылына дейінгі қашықтық - 38 шақырым.

Сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағынан 13 шақырым жерде Кендірлі әуежайының құрылысы салынатыны белгілі болды.

Жалпы, отандық әуе тасымалдау жүйесін дамыту ісі жақсарып келеді. Ұшақтар паркі де жаңартылып, жыл сайын 10-15 әуе кемесімен толықтырылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның авиапаркі 102 ұшақты құрайды.

primeminister.kz сайтының жазуынша, бүгінде Қазақстаннан халықаралық әуе қатынасы 31 елмен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша орнатылды.

Қазақстанның әуежайларында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жерүсті қызметінің мамандары алғашқы медициналық көмек көрсету, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды сүйемелдеу бойынша тұрақты арнайы оқудан өтеді. Амбулаторлық көтергіштер, арнайы арбалар, көзі нашар көретіндерге арналған арнайы жолақшалар мен дыбыстық навигация жүйелері бар.

Еліміздің халықаралық әуежайларында ана мен балаға арналған бөлмелер, валюта айырбастау пункттері, пошта байланысы, сымсыз интернет бар. Сондай-ақ онлайн тіркеу процесін жылдамдату үшін бірқатар әуе компаниялары мобильді қосымшаларды енгізді. Көрсетілетін қызметтер барлық санаттағы азаматтар үшін сапаны және қолжетімділікті арттыруға бағытталған. 

 Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл — ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш. Дания мен Польша сияқты Еуропа Одағы елдерімен салыстыруға келеді.