Қазақстанда мектеп оқушыларына жасанды инттелектіні пайдалануға шектеу қою қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мәжілісте Жасанды интеллект туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы барысында депутаттар бірқатар мәселені қозғалды. Соның ішінде депутат Дәулет Мұқаев жасанды интеллектіні пайдалану адамның миының шектелуіне, оның ойланбауына әрі кішірейуіне алып келуі мүмкіндігін айтып, оның балаларға кері әсер тигізуі ықтималдылығын атап өтті.
Қазірдің өзінде мектеп оқушыларының арасында ешқандай тапсырманы орындамай, ChatGPT-ға сала салып, дайын нәрсені пайдаланып отыра беру кең тарады. Осыған байланысты мектеп жасындағы оқушыларға жасанды интеллектіні пайдалануға шектеу қою қажет. Егер шектеу қойылмаса, ертең сол оқушылар студент болады, олар еңбек нарығына араласқан кезде, соның зардабын біз 20 жылдан кейін көретін боламыз, – деді Дәулет Мұқаев.
Сондай-ақ депутат бұл еліміз үшін үлкен бір қауіптің бірі екенін жеткізді.
Заң жобасын әзірлеген депутат Екатерина Смышляева өз кезегінде балаларды жаңа заманға бейімдеп, оларға оқу бағдарламасы аясында жаңа дағдыларға үйрету керек деп есептейтінін жеткізді.
Біз бұрын балаларға ақпаратты жинауды үйретсек, ендігі кезекте оларға ұсынылған ақпаратқа сыни көзқарасты қалыптастыруға, сыни бағалауды үйретуіміз керек. Бұл ретте білім беру стандарттарын қайта қарау керек, – деді депутат.