Қарағанды облысындағы Жаңа-Қарағанды станциясында теміржол қызметкері пойыз астында қалып, қаза тапты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні болған. Шамамен сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан электровоз жол монтерін қағып кеткен. Машинист шұғыл тежегішті басқанымен, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған.
Салдарынан 1977 жылы туған, 4-разрядты жол монтері оқиға орнында көз жұмды. Алдын ала деректерге сәйкес, ол сол сәтте құрал-жабдықтарды күзетіп тұрған. Марқұмның теміржол саласында 28 жылдан астам еңбек өтілі болған.
Отбасылы, үш баласы бар, оның екеуі кәмелетке толмаған, ал біреуі мүгедектігі бар.
Оқиғадан кейін пойыз сағат 04:30 шамасында екінші жолға жіберілген. Апат салдарынан бірнеше пойыздың қозғалысы әртүрлі уақытқа — бірнеше минуттан бір жарым сағатқа дейін кешіккен.
Көліктегі полиция департаменті аталған деректі растады. Аталған факті бойынша теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзу және абайсызда адам өліміне әкелу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.