Эльбрус тауында қаза тапқан Босния және Герцеговина азаматтары болған екі альпинистің мәйіті құтқарушылардың көмегімен таудан түсірілді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік басқармасы ақпарат таратты.
Ведомствоның мәліметінше, құтқарушылар мәйіттерді Азау алаңқайына жеткізіп, кейін оларды құқық қорғау органдарының жедел-тергеу тобына тапсырған.
Алайда қолайсыз ауа райы тағы үш альпинистің денесін іздеуге және эвакуациялауға мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Құтқару операциясын дүйсенбі күні қайта бастау жоспарланып отыр.
Іздестіру жұмыстарына жалпы саны 16 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Эльбрус жоғары таулы құтқару жасағының мамандары, Ресей ТЖМ-нің «Лидер» орталығының қызметкерлері, «Кавказ.РФ» құтқарушылары және жергілікті гидтер бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеті адамнан құралған альпинистер тобы Эльбрус шыңына көтерілген. Топ мүшелерінің бірі төменге түсіп, теңіз деңгейінен 5100 метр биіктікте екі адамның жағдайы күрт нашарлағанын хабарлаған. Кейін құтқарушылар олардың мәйіттерін тапқанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты эвакуация жүргізе алмаған.
Кейінірек топтың тағы бір мүшесі тірі табылды. Қалған үш альпинистің тағдыры әзірге белгісіз, оларды іздеу жұмыстары жалғасады.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қаза тапқан альпинистердің барлығы Босния және Герцеговинадан келген.