EL ARNA телеарнасы жабылады

Редактор
11.03.2025, 22:34
EL ARNA телеарнасы жабылады
Телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады

«EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Айтуынша, бұл қадам, алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған.

EL ARNA және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. EL ARNA-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

EL ARNA телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, – деді министр.

Ақпаратқа сәйкес, қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады.

Сондай-ақ, EL ARNA телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы 24KZ және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінетіні атап өтілді.

EL ARNA телеарнасының қызметіне атсалысқан барша жандарға шынайы ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта жаңа жетістіктер, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін! – деді Аида Балаева.

Айта кетсек, EL ARNA телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылған. 2002 жылдың наурызында атауы EL ARNA болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті. 2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде 24KZ жаңалықтар телеарнасы іске қосылды.

2017 жылдың 27 наурызында EL ARNA жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап EL ARNA жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.