Дженнифер Лопестің концертіне билеттер сатылымға шыға сала, яғни, 11 сәуір сағат 11:00-ден кейін оны сататын сайт істемей қалды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Желі қолданушылары билет сатып алуға болатын ticketon.kz сайтының ашылмай тұрғанына шағымданып жатыр. Расында сайтқа кірген кезде қазір мынадай хабарлама шығып тұр:
Сіз кезекте тұрсыз. Күткеніңізге рахмет. Шамамен 4 сағаттан аса уақыт күтуіңіз керек. Сайтқа кірушілер саны көп болғандықтан, виртуалды кезек қолданылады, бұл бір уақытта сайтты пайдаланушылар санын шектейді. Ол сайттың оңтайлы жұмысын қамтамасыз етеді, - делінген.
Астанада жоспарланған Дженнифер Лопестің концертіне билет алғысы келетіндердің саны стадиондағы орын санынан 2 жарым есе көп болып шыққан. Бұл туралы Freedom Ticketon компаниясы мәлімдеді.
Билет сатылымы ашылған бойда, алғашқы минуттардың өзінде бірден 50 мыңнан аса адам өздеріне және жақындарына билет сатып алуға ниет білдіріпті.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт бермек. Оған билет құны 40 мыңнан басталып 150 мың теңгеге дейін барады.