Депутат сотталған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды

Редактор
29 янв. 2025 г., 23:00
Депутат сотталған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды

«Ауыл» партиясы Фракциясының мүшесі Қарақат Абден ІІМ басшысы Ержан Сәденовке сотталған әйелдерге рақымшылық жасау туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, бүгінде 2336 әйел бас бостандығынан айырылған. Олардың жартысы – аналар, оның ішінде 250-і – көпбалалы аналар.

1500-ден аса бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп жүр. Жүзге жуық сәби балалар үйлеріне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес. Бұл – ойран болған отбасылар, бұзылған тағдылар, ең сорақысы – ана жылуынан айырылған сәбилер, – деді Қарақат Әбден.

Бұл ретте депутат сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін келесі критерийлерді ұсынды:

- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;

- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;

- көпбалалы әйелдер;

- алғаш сотталған әйелдер;

- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

Ал, ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды. Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе жеткілікті. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей Президенті 2023 жылы әйелдергеамнистия жасау туралы идеяны қолдады. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бірнеше рет амнистия жасалды, деді депутат.