Дарынды оқушылар мемлекет есебінен тегін грантқа ие болу мүмкіндігі туды.
Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының заңында білім беру саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру жөніндегі құзырет беріліп отыр.
"Дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беру жөніндегі норма көзделеді. Жалпы, заңның қабылдануы еліміздің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын іске асыруын, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау және білім беру салаларындағы заңнаманың сапасын жақсартуға ықпал ететін болады", – деді Құжатты таныстырған сенатор Алтынбек Нұхұлы.
Оның айтуынша, Заңның мақсаты – баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.