Дәрі-дәрмек бағасы арзандай ма?

Редактор
04.06.2025, 14:48
Дәрі-дәрмек бағасы арзандай ма?
ДСМ кешенді шаралар әзірлегенін мәлімдеді

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ДСМ дәрілік заттардың құнын төмендету, тіркеу рәсімдерін жеңілдету, сондай-ақ дәрілерді жекелендірілген жоспарлау мен есепке алуды енгізуге бағытталған кешенді шаралар әзірлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

🗣 «Дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу моделі өзгертілді. Бұрын шекті бағаларға енгізілген, негізсіз деп танылған кейбір үстемеақылар алып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрі-дәрмектер бойынша қайта есептеу жүргізіледі. Қазір фармацевтикалық қоғамдастықпен көрсетілген моделді сынақтан өткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 19%-ға, ал көтерме-бөлшек саудадағы баға шамамен 30%-ға төмендейді деп күтудеміз», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Шекті бағаны реттеу тетігі қайта қаралғаннан кейін дәрі-дәрмектің бағасы халық үшін тегін тізбеде де (емханалар мен стационарлар арқылы), бөлшек дәріханаларда да барынша қолжетімді болмақ.

💊Жаңартылған препараттар тізбесі:
• 3475 дәрілік заттың атауы
• 2917 медициналық бұйым (ТМККК және МӘМС шеңберінде)
• 5936 атау — көтерме және бөлшек сауда үшін

📉Бағаны төмендетудің орташа көрсеткіштері:
• 2222 дәрі-дәрмек атауы — 18%-ға дейін
• 1847 медициналық бұйым — 14%-ға дейін
• 5492 дәрі атауы (дәріханаларда) — 30%-ға дейін

📌2024 жылдың қорытындысы бойынша:
• 3+ млн азамат амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды
• ТМККК (48 нозология) және МӘМС (70 нозология) — 118 нозология бойынша
• 246,29 млрд теңге бөлінді

✅Орталықтандырылған сатып алу нәтижелері:
• 1 593 атау бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым сатып алынды
• Аурулардың кең таралған түрлері қамтылды: жүрек-қан тамырлары, онкология, диабет және т.б.

🪙Мемлекеттік сатып алуды орталықтандырудың нәтижесі:
• 50 млрд теңге үнемделді
• Қаражат қосымша көлемге, жаңа техникаға, қызмет сапасын арттыруға бағытталады

🔄Қазақстандық өндірушілер үлесі:
• Жалпы көлемнің 30%
• Вакциналар мен орфандық препараттарды есептемегенде — 37%

Вице-министр «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің пилоттық жобасы туралы айтты. Пилот 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады. Егер тиімділігі дәлелденсе, тұрақты модельге көшу жоспарланып отыр.💬

«Цифрландыру министрлігімен бірлесіп композиттік қызметтерді пилоттау жүргізілуде. Композиттік қызметтің шеңберінде ішкі тіркеу рәсімдерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылады. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 жұмыс күні ішінде жүргізілетін болады», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Қызмет қолданыстағы сараптама, тіркеу және баға белгілеу механизмдерімен қатар жүзеге асырылады. Сонымен қатар, препараттарды Қазақстан ұлттық дәрілік формулярына енгізу үшін кәсіби сараптама да көзделген.