Чехия президенті Петр Павел Венгриядағы автоспорттан Гран-приге мемлекет басшысы ретінде ғана емес, фотограф ретінде де қатысты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Петр Павел «Хунгароринг» автодромына кәсіби фотоаппаратымен және Халықаралық автомобиль федерациясының (FIA) ресми аккредитациясымен келген. Сенбідегі жарыс барысында ол трассадағы оқиғаларды суретке түсірді. Президентпен бірге «Формула-1»-дің чех фотографы Йиржи Крженек те жұмыс істеген.
Маусым айында ол Францияда өткен әйгілі «24 сағаттық Ле-Ман» жарысына да кәсіби фототехникасын ала барып, жарысты суретке түсірген.
Бұрын НАТО Әскери комитетін басқарған Петр Павел көп жылдан бері спорттық фотографиямен әуестенеді. Ол Брнода өткен MotoGP және World Superbike жарыстарын түсірген. Сонымен қатар NASCAR жарысы мен «Дакар» раллиін суретке түсіру үшін АҚШ пен Сауд Арабиясына да барған.