Былтырғы алапат су тасқыны биыл да қайталануы мүмкін. Ұзын-саны 1 223 елді мекенге су астында қалуы қаупі төніп тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов хабардар етті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұл елді мекендердің барлығы су басу қаупі бар аймақта орналасқан
«Бүгінгі таңда елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар. Министрлік үйлестіруші орган ретінде инфрақұрылымды ықтимал су тасқынына дайындау үшін жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралар орталық және жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін атап өтемін. Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен іске асырылады. Осы іс-шараларды іске асыру су басу қаупін барынша азайтуға және елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Әрінов Сенатта өтіп жатқан үкімет сағатында.
Министр былтыр су тасқынынан кейін елде біршама шара жасалған. Жұмыстардың іске асыру барысын министрліктің бөлімшелері қадағалап отыр.
«Жалпы өңірлерде су тасқынына қарсы 1 400 іс-шара іске асырылды. Мысалы елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды, 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде үш жүзден астам километр тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 километр тазарту жұмыстары жасалды», - дейді ол.