Депутат Ермұрат Бапи Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Думан Мұхамедкәріммен кездесті. Халық қалаулысы бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бапидің айтуынша, ол арнайы Қызылордаға барып, колонияда отырған Думанмен жүздескен.
«Облыстағы жігіттер дайындап берген күздік соғымнан сыбаға апардым. Колония әкімшілігіне рақмет: басқа да тәтті-мәтті сәлем-сауқатты таразыламай өткізді», – дейді депутат.
Оның сөзінше, екі сағатқа созылған кездесуде Мұхамедкәрім бұрынғыдай бірбеткей, тікмінез қалпында болған. «Сот үкімімен таңылған жазаны мойындамайды», – дейді Бапи.
Депутат Думанның денсаулығына қатысты да алаңдаушылық білдірді.
«Бұдан бір жарым жыл бұрын Талдықорған СИЗО-сында кездескен кезге қарағанда, біраз жүдеу тартқан. Мен келерден бір күн бұрын кезекті аштықтан шығыпты. “Сухой аштық па?” десем: “Жоғ-ә, сұйық ішпесең, үш-төрт күннен кейін крышаң кетіп қалады” деп күледі», – дейді ол.
Думанның әзіл-қалжыңы басылмағанымен, Бапи оның денсаулығында күрделі мәселелер бар екенін атап өтті.
«Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті. Белім сырқырайды. Асқазаным да ауырады», – деген Мұхамедкәрімнің сөзін келтіреді депутат.
Колония әкімшілігі де өз ұстанымын түсіндірген. Олардың айтуынша, Мұхамедкәрімнің ішкі тәртіпті бұзғаны үшін 13 жазасы бар. Сондықтан оған басқа аймаққа ауысуға рұқсат беру мүмкін емес.
«Жеке Мұхамедкәрімге жеңілдік жасап, спорттық киіммен жүруге рұқсат ете алмаймыз. Тәртіп бәріне бірдей», – делінген мекеме жауабында.
Депутат түрме киімін киюден бас тартуына қатысты сұрақ қойған кезде Думан: «Егер жазықсыз сотталып, үкімді мойындамасам, неге түрменің киімін киюім керек?!» деп жауап берген.
Сондай-ақ Ермұрат Бапи колониядағы жарылғыш затқа қатысты даулы мәселеге де тоқталды. Түрме басшылығы бұл оқиғаның әлі тексеріліп жатқанын, ал Мұхамедкәрімге қастандық жасалды деген тұжырым қисынсыз екенін айтқан.
«Бұл – сырттан ұйымдастырылған қоғамдық у-шуды қоздыруға бағытталған провокациялық әрекет болуы мүмкін», – деген мекеме басшылығы.
«Басқалар не десе де, мен бұл жауапқа иландым. Шынында да, түрмеде отырған адамға жарылғыш затпен қастандық жасау қисынға келмейді», – дейді депутат.
Кездесу қорытындысында Ермұрат Бапи бұл ақпаратты қоғамға жеткізуді өзінің азаматтық борышы деп атап өтті.
«Ал күні-түні жалғыз ұлын уайымдаған анасы мен баласының денсаулығы дімкәс деген хабардан бері қан қысымы көтеріліп жүрген әкесіне айтар жағдаят – қоғамшылдарға емес, ата-анаға қатысты бөлек әңгіме», – дейді ол.