$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

«Бюджеттен миллиондап ақша алады»: Мұрат Әбенов Ақтаудағы даулы мектепке шүйлікті

Редактор
09.11.2026, 11:53
видеодан алынған кадр
видеодан алынған кадр
Мұрат Әбенов Ақтаудағы мектепті тексеруді талап етті

Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» мектебінде тазалықшы әйелдің шелегін тепкен оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол оқу орнындағы қызметкерлердің еңбек құқығы, мемлекеттік қаржының жұмсалуы және мектеп құрылтайшысының көші-қон заңнамасын сақтауы мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында болған жағдайды қатаң сынға алып, құзырлы органдардан жан-жақты тексеру жүргізуді талап етті.

«Шеттен келіп, біздің елде бизнес жасап отырғандарға қарапайым қазақ әйелін қорлауға кім құқық берді? Қазақстанның нанын жеп, бюджеттен миллиондап қаржы алып отырсыңдар, ал өз азаматтарымызды басыну — шектен шыққан бассыздық!» – деп жазды ол.

Әбеновтің айтуынша, мектептің кейбір қызметкерлері тамыз айынан бері жалақысын ала алмай жүргенін айтқан. Сондай-ақ ол оқу орнының құрылтайшысы Халеф Челикке қатысты үш заңды тұлғаның қызметін тексеру қажеттігін көтерді. Атап айтқанда, «Юникью Образовательный Центр», «Ақтау Зияткерлік мектебі» және «Тұлпар школа-лицей» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері туралы сөз болды.

Халық кеңесінің мүшесі аталған ұйымдардың қызметін, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бөлінген қаражаттың жұмсалуын және қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын тексеруді сұрады. Сонымен қатар ол мектеп құрылтайшысының Қазақстан азаматтығын алуына қатысты көші-қон заңнамасының талаптары сақталған-сақталмағанын анықтау қажеттігін айтты.

Білім басқармасы не дейді?

Маңғыстау облысы білім басқармасының мәліметінше, оқиға 16 қазанда болған. Арнайы комиссия тексеру жүргізіп, тазалықшының шелегін тепкен әйелдің мектепте факультативтік сабақ бергенін анықтаған. Педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін оған сөгіс жарияланып, еңбек шарты бұзылған. Сондай-ақ оқиғаға құқықтық баға беру үшін полицияға тиісті хат жолданған. Басқарма «Тұлпар» мектебінің 2025 жылғы қыркүйектен бері мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қаржы алатынын растады. Ведомствоның мәліметінше, қаражат ай сайын толық көлемде аударылып отырған. Ал «Ақтау Зияткерлік мектебі» мемлекеттік білім беру тапсырысын алмайды.

Мектеп құрылтайшысы жалақы мәселесін мойындады

Халеф Челик Tengrinews.kz басылымына берген сұхбатында жұбайының шелекті тепкенін жоққа шығармаған. Ол жағдайды тазалықшы мен мектеп қызметкері арасындағы жанжалмен байланыстырды. Кәсіпкер кейбір штаттан тыс қызметкерлерге жалақының жартысы ғана төленгенін де растады. Оның сөзінше, қалған қаражат қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін беріледі. Қазіргі уақытта Мұрат Әбенов көтерген үш ЖШС-нің қаржылық қызметіне және көші-қон заңнамасына қатысты ықтимал заңбұзушылықтар ресми түрде дәлелденгені туралы ақпарат жоқ. Құзырлы органдардың бұл мәселелер бойынша тексеру жүргізу-жүргізбеуі және оның нәтижелері әзірге белгісіз.