«Бос жатқан жер жау шақырады!»: Ерлан Саиров шекаралық аудандардың мәселесін көтерді

Редактор
26.03.2025, 19:53
«Бос жатқан жер жау шақырады!»: Ерлан Саиров шекаралық аудандардың мәселесін көтерді
Шекаралық аудандарға жаңа мәртебе беру ұсынылды

Қазақстан республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы арнайы заң қабылдау қажет. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ерлан Саиров премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Депутат ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазір Қазақстанның 14 облысы көршілес бес елмен шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар, онда 3,5 млн адам тұрады, ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1283 елді мекен орналасқан. 

Алайда кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың тозуы, Кеңес Одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себептен бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалып отыр. – деді Ерлан Саиров.

Депутаттың айтуынша, әлі күнге дейін шекаралық аумақтарда тұратын халыққа берілуге тиіс жеңілдіктер іс жүзінде берілмей отыр. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің халыққа жетпеуі олардың түрлі нормативтік актілерге шашырап кетуіне, оларды үйлестіретін жауапты мемлекеттік органның бекітілмеуіне, мемлекеттік субсидияларды бөлуде және ұлттық жобаларды іске асыруда белгілі бір санаттарға басымдықтарды белгіленбеуге байланысты болып отыр. 

Соның салдарынан шекаралық аумақтардағы бірқатар елді мекеннен тұрғындардың жаппай көшуі әлі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келеді. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Сондаықтан, бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн. Бұл ретте ол шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін ҚР-ның шекаралық аумақтарын дамыту туралы арнайы заң қабылдау қажет. Құжат ел аумағын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың онда тұрақтануына, қңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте зор серпін болады, – деді депутат.