«Болашақтың ойындарын» дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің тапсырмасына сәйкес, «Қазспортинвест» акционерлік қоғамы базасында мамандандырылған дирекция құрылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, дирекцияның міндеті – 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін ұйымдастыру және өткізу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылатын іс-шара ел спортындағы маңызды оқиға болмақ.
Айта кетейік, 2024 жылғы 13 қазанда Дубайда (БАӘ) өткен ресми рәсімде Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді. 2026 жылғы жарысты ұйымдастыруға Қазақстаннан бөлек, Перу және Чили мемлекеттері де үміткер болған.