ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында ұлттық жоба аясында жалпы құны 28,5 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау бағытында 6,2 млрд теңгенің 3 жобасы орындалып жатыр. Биыл 8,8 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Сондай-ақ 2027 жылы 2,8 млрд теңгеге тағы 2 нысанды жаңарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай өңірдегі жылу желілерінің тозу деңгейі 49 пайыздан 43 пайызға дейін төмендетілмек.
Сумен жабдықтау және су бұру саласына 5,8 млрд теңге бөлініп, 4 жоба қолға алынды. Бұл бағытта 2 су сорғы, 2 кәріз сорғы станциясы қайта жаңғыртылып, 5 су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының 65 пайызы орындалды. Сонымен қатар Орал мен Ақсай қалаларында 2026–2027 жылдары 26,2 млрд теңгеге 130 шақырымнан астам инженерлік желіні жаңғырту бойынша 8 жоба жүзеге асырылады. Осының арқасында 2029 жылдың соңына дейін су құбыры желілерінің тозуын 60,4 пайыздан 43 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуын 61,2 пайыздан 48 пайызға дейін азайту көзделген.
Электр энергетикасы саласында 2025-2026 жылдары 16,5 млрд теңгеге 863 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы станцияны жаңғыртатын 10 жоба басталды. Осы жұмыстардың арқасында жыл соңында аталмыш желілердің тозу деңгейі 75,4 пайыздан 70,3 пайызға дейін төмендейді. Ал 2027–2028 жылдары ЕРС-шарт әдісі арқылы жүздеген шақырым желілер жаңартылып, 2029 жылға қарай тозу көрсеткішін едәуір төмендету жоспарланған.