БҚО-да «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдары сумен және жылумен жабдықтау саласы бойынша жалпы сомасы 29 млрд теңгеге 10 жобаны іске асырылады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникация ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Үкімет қаулысымен бекітілген жол картасына сәйкес өңірде 2026 және 2029 жылдар аралығында 3 664 шақырым инженерлік желіні жөндеу жұмысы жүргізіледі. Оның ішінде жылумен жабдықтау бойынша – 25 шақырым, су және су бұрумен жабдықтау бойынша – 153 шақырым, электрмен жабдықтау бойынша – 3 486 шақырым.
Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу деңгейі жылумен жабдықтау саласында 49%, сумен жабдықтау жүйесінде 60,4%, су бұру жүйесінде 61,2%, ал электр желілерінде 75,4% құрайды.
Жол картасында көзделген іс-шаралар толық көлемде іске асырылған жағдайда жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау желілерінің тозуы 43%, су бұру желілерінің тозуы 48%, ал электр желілерінің тозуы 11%-ға дейін төмендейді.
2025-2026 жылдары ұлттық жоба аясында бірнеше жоба жүзеге асыру жоспарланған. «Батыс су арнасы» ЖШС жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын төрт жобаны жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, Исатай-Махамбет көшесі бойындағы №20 көтергіш сорғы стансасы мен №1 кәріз сорғы стансасын, Зашаған шағынауданындағы Саратов тас жолы бойында орналасқан №29 кәріз сорғы стансасын қайта жаңғырту, сондай-ақ Дариян ауылы маңында бес су ұңғымасын бұрғылау жобалары 2025 жылдың соңында басталған еді.
Бүгінгі бұл нысандардың құрылыс монтаждау жұмысы 65% аяқталып, жылыту маусымына дейін бітеді. Жобалар пайдалануға берілгеннен кейін Орал қаласының тәуліктік су өндіру қуаты шамамен 18 мың текше метрге жетеді. Сонымен қатар қайта жаңғыртылған №1 және №29 кәріз сорғы стансаларының қуаты тәулігіне 51 мың текше метрге дейін жетіп, кәріз жүйесінің сапасы артады.
«Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын үш нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуде.
Атап айтқанда, ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын №7 жылу магистралі Жүнісов, Масин және Некрасов көшелерін қамтиды. №6 жылу магистралі ЖЭО аумағынан Орда және Попович көшелерінің қиылысына дейінгі аумақта орналасқан, оған қоса «Құрылысшы» шағынауданындағы 8,8 шақырым орамішілік жылу желілері қайта жаңғыртылуда.
Бүгінгі күні аталған нысандардағы жұмыстардың орындалу деңгейі 60%-ды құрайды. №6 және №7 жылу магистральдарын қайта жаңғырту биылғы жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.
«Құрылысшы» шағынауданындағы 8,8 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасы 2027 жылы жалғасады. Биыл оның алғашқы кезеңі аясында 4,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС былтырдан бастап жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын үш жобаны жүзеге асыруда. Жобалар бойынша жұмыстар Орал қаласы мен облыстың алты ауданындағы (Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жәнібек, Тасқала, Жаңақала) 40 елді мекенді қамтитын, жалпы ұзындығы 501 шақырым электр желісін реконструкциялау басталды.
Қазіргі уақытта электр бағаналарын орнату, кешенді трансформаторлық қосалқы стансаларды құру және әуе электр желілерін тарту жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге жұмыстардың орындалуы деңгейі 90%-ды құрайды және жылыту маусымына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 75,43%-дан 72,8%-ға дейін төмендейді.

«2026-2027 жылдары су, су бұру және жылумен жабдықтау саласы бойынша жалпы сомасы 29 млрд теңгеге 10 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде биыл Ақсай қаласында жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын төрт жоба бастау алады. Электрмен жабдықтау саласы бойынша 2026 жылы жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын жеті жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар Орал қаласы мен облыстың 9 ауданындағы (Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Бөкейордасы, Жаңақала, Жәнібек, Тасқала, Теректі, Сырым) 74 елді мекенді қамтиды. Жобалар шеңберінде жалпы ұзындығы 1113 км электр желілерін салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ 2 қосалқы станцияны реконструкциялау көзделген. Құрылыс жұмыстарын тамыз айында бастау жоспарда. Жұмыстарды жүзеге асыру нәтижесінде жыл соңында 362 км электр желілері жаңартылады. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72,8%-дан 70,29%-ға дейін төмендейді, – деді Бейімбет Мусин.