Биыл 3 мың адам әскери жиынға шақырылады

Редактор
27 янв. 2025 г., 18:45
Биыл 3 мың адам әскери жиынға шақырылады

«2025 жылы әскери міндеттілерді әскери жиынға шақыру туралы» Қорғаныс министрі бұйрығының жобасы әзірленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұндай әскери жиындар 2007 жылдан бастап жыл сайын 30 күндік мерзіммен өткізіледі.

Әскери жиындар – Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру мақсатында әскери міндеттілерді әскери бөлімдерге шақыра отырып, оларды әскери даярлау, әскери білім алу және жетілдіру бойынша әскери басқару органдары жүргізетін іс-шаралар.

Әскери жиындардың негізгі мақсаты бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, соғыс уақытында жасақтау аудандарында жұмылдыру және жасақтау кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістетуге қажетті әскери оқытылған ресурсты даярлау және запаста жинау.

Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін әскери міндеттілерге ең төменгі жалақытөленеді.

Әскери міндеттілерді жиындарға және одан кері тасымалдау теміржол немесе автомобиль көлігімен жүргізіледі, сондай-ақ оларды тамақтандыру Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жүргізіледі.

Бұдан басқа, әскери жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер әскери міндеттілердің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша киім-кешек мүлкімен және қызмет өткеретін әскери қызметшілермен қатар ұйымдастырылатын медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

Жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер казармада болады. Оларды бөлімнен шығаруды Ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен рота командирлері (жиындар бастықтары) жүргізеді.

Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық зиян үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап береді.

Әскери мiндеттiлердiң әскери жиындардан жалтаруы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады.